«БАУЫРЖАН
МОМЫШҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ
қаз   рус
Жаңалықтар
24-02-2016
Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Б.Момышұлы атындағы дәрісхана ашылды...

            

 

  Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орыны, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, ректор Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің тікелей бастамасымен, жас ұрпақты тұлға ретінде қалыптастыру, олардың бойына отаншылдық, патриоттық сезім ұялату, осы арқылы «Мәңгілік елдің» болашақ қайраткерлерін тәрбиелеуге айрықша назар аударылуда. Осы мақсатпен университетте қазақтан шыққан батырлар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы ашық дәрістер, дөңгелек столдар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп тұру дәстүрге айналған.

           Кеңес одағының Батыры, даңқты қолбасшы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының есімін әскери кафедрадағы көрнекті дәрісханаға беру туралы бастама осындай өнегелі іс-шаралардың бірі болды. Б.Момышұлы атындағы дәрісхананың ашылу салтанатына Алматы қаласы Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әскери ғылымдар докторы, профессор, полковник Ким Серікбайұлы Серікбаев, 

Б.Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова, немересі Ержан Момышұлы, әскери қызметкерлер, белгілі ғалымдар қатысты.

           Әскери кафедраның шәкірттері көпшілікке сапта жүріп ән айту, қолма-қол айқас, атыс қаруын бөлшектеп, қайта жинау өнерлерін көрсеткен соң Б.Момышұлы атындағы дәрісхананың лентасы қиылды. 

«Бастапқы әскери дайындық теориясы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Сайлаубек Тәукейұлы жиналғандарды дәрісханамен таныстырды. Көрнекті орындағы батыр Баукеңнің жаңадан құйылған бюсті ерекше көз тартады. Бұл университеттің Өнер, мәдениет институты көркемсурет-графика кафедрасы мүсіншілері жасаған дүние.

        Дәрісхана  қабырғалары Б.Момышұлының отаншылдық рухындағы даналық сөздері, мақал-мәтелдері, өмірбаяны жазылған тақталармен безендірілген, жап-жаңа жиһаздармен, компьютерлермен, интерактивті тақтамен жабдықталған.

            Кафедра меңгерушісі Сайлаубек Тәукейұлы дәрісхананы жабдықтауға қамқорлық жасаған ректор С.Ж.Пірәлиевке, «Өнер, мәдениет және спорт» институтының директоры Б.Әлмұханбетовке алғыс айтты.

          Полковник Ким Серікбайұлы Б.Момышұлының көрнекті әскери тактик және стратег ретіндегі қырларына тоқталды. Батырдың келіні Зейнеп Ахметова Баукеңнің отбасындағы аталық өнегесі туралы сыр шертті. ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев Б.Момышұлының азамат және патриот ретіндегі қайталанбас ерекшеліктерін өнеге етті.

           Ректор С.Ж.Пірәлиевтің айтуынша бұл дәрісхана бұдан былай жастарды Б.Момышұлы өнегесінде патриотизмге тәрбиелеу орталығына айналмақ.

 

Баспасөз орталығы.

Другие новости

Мекен-жайы: Алматы қ. Достык, 13
e-mail: web_info@kaznpu.kz